24 қарашада атыраулық «Бейбарыс», тіпті тұтас қазақстандық хоккей үшін айтулы жайт болды. Өзінің ойыншы ретіндегі мансабын аяқтайтыны жөнінде Қазақстан чемпионатының дәрежелі хоккейшілерінің бірі Евгений Дерябин мәлімдеді.
Форвард атыраулық клубтың нағыз нышанына айналды. Себебі Қазақстанда Евгений тек «Бейбарыстың» намысын қорғады. Осы уақыт ішінде ол ел чемпионатының 460-тан астам матчтында ойнап, нәтижелілігі үшін 230-дан астам балл жинады. Атыраулық ұжым құрамында Дерябин төрт рет Қазақстан чемпионатының алтын медальдарын жеңіп алды, екі рет күміс жүлдегер және бір рет қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, Евгений командамен бірге Құрлықтық кубоктың финалына шықты.
Енді «Бейбарыс» құрамындағы 11 маусымнан кейін Дерябин клуб жүйесінде балалар бапкері қызметіне өту жөнінде шешім қабылдады.
- Менің кәсіби мансабым аяқталды. Клуб басшылығына, бапкерлерге және осыншама уақыт бойы бірге жұмыс жасап, осындай нәтижелерге қол жеткізген командаластарыма алғыс айтқым келеді. Жанкүйерлерімізге мықты қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет деймін! Қызмет көрсетуші персоналға және ойыншы ретінде жүріп өткен жолымда жанымда болған барлық адамға алғыс білдіремін. Ал қазір жаңа қадам жасайтын уақыт келді, - деп сөзін түйіндеді Евгений Дерябин.